Жүзбай Қырғызбаев 1936 жылы қазіргі Түркістан облысы Ордабасы ауданы Жусансай ауылында дүние келген.
Жүзбай ағамыз Шұбар ауылындағы жетіжылдық мектепті бітірген соң, 1953 жылы Темірлан ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепті үздік аяқтап, сол жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. 1958 жылы оқу орнын тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Шымкент педагогикалық институтының жоғары математика кафедрасында мұғалім болып бастайды. Институтта 3 жылдай жұмыс істеп, 1962 жылы Мәскеудегі Халықтар достығы университетінің теориялық механика кафедрасына аспирант болып қабылданады.
Ол уақытта ғылымға талабы бар жастарға министрлік тарапынан жолдама (целевое направление) берілетін. Көптеген қазақ жастары осының арқасында Ресейдің жоғары оқу орындарында білімін жетілдірді. Қазіргідей емес, ол кезде жоғары оқу орындарында дәріс беретін қазақ оқытушылары саусақпен санарлықтай еді. Өзі білім алған ҚазМУ-дің физика-математика кафедрасында бар болғаны екі-үш-ақ оқытушы болатын. Осыны ескерген болуы керек, Орталық Комитет арнайы қаулы шығарып, қазақ жастарын 80-ші жылдарға дейін Ресей, Украина сияқты елдердің аспирантураларында білім алуға мүмкіндік жасады.
1966 жылы «Қатты дененің қозғалысының орнықтылығы» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғаған Жүзбай ағамыз Шымкент педагогикалық институтына қайтып оралды. Аспирантурада оқи жүріп, өзі бітірген кафедрада оқытушы болып жұмыс істеді. Сол 1966 жылдан бүгінге дейін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде үзіліссіз жұмыс істеп келеді.
Осы жылдар ішінде Жүзбай ағамыз мыңдаған шәкірт даярлайды. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлерімен қатар ғылым докторлары мен кандидаттарының өзі бір шоғыр. Мәскеуде оқып жүргенде Өтелбай Нұрбаев, Шәріп Серікбаев, Лес Мамаев, Сламхан Бұралқиев, Асанхан Белесов сияқты ізбасарларының, жолдастарының диссертация қорғауына мұрындық болды. Ғылыми жетекшісі ретінде бекітілген Абдельхак Сафиоллаұлы Галиуллин өз ағасындай болып кетті. Ол кісі өмірден озғанға дейін РХДУ-нің механика кафедрасын басқарды. Жетекшісі техника ғылымдарының докторы, профессор, ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткер, Татарстан Ғылым академиясының академигі болатын. Білікті ғалым жоғарыда аталған азаматтардан бөлек, Қазақстанның түкпір-түкпірінен барған көптеген жастарды тәрбиелеп шығарды.
Институтқа қайта оралған жас ғалым кафедраның ассистенті, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессорына дейінгі сатылардан өтті. Қазақстан Халықтар достығы университетінің профессоры атанды. Еңбектері мемлекет тарапынан лайықты бағасын алды. «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» секілді төсбелгілер – соның жарқын айғағы.