Zhanibekov university logo

«Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы - Ректоры бос лауазымына конкурс

18 Наурыз 2026, 09:54
Zhanibekov university

«Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Директорлар кеңесі Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданы, А.Байтұрсынов көшесі, 13 мекенжайында орналасқан «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы - Ректоры бос лауазымына конкурс жариялайды.

Қоғам қызметінің мәні жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі және қосымша білім саласында білім беру қызметтерін ұсыну болып табылады. 

Қоғам қызметінің мақсаты – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым және тәжірибе жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу, оқыту және білім беру үшін, сондай-ақ ғылыми әлеуетті дамыту және зерттемелерді коммерциялау үшін қажетті жағдайлар жасау.
 

Конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар:

1) ғылым кандидаты немесе докторы ғылыми дәрежесінің, философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесінің, ғылыми атағының бар болуы (болғаны жөн);

2) кәсіби тәжірибесі кемінде 10 жыл, оның ішінде білім және ғылым саласындағы басшылық лауазымдарда кемінде 5 жыл;

3) білім беру және ғылыми-инновациялық қызметті ұйымдастыруды, ұйымдастырушылық менеджмент қағидаттарын, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік саясатты білуі;

4) стратегиялық жоспарлау, бизнес-процестерді цифрландыру, фандрайзинг және инвестициялар тарту дағдыларының болуы;

5) көшбасшылық, креативтілік, жаңашылдық, сыни тұрғыдан ойлау, құқық бұзушылыққа төзбеушілік;

6) қазақ тілін (Қазтестің В1 деңгейінен төмен емес сертификатының болуы) және орыс тілін және (немесе) ағылшын тілін (құпталады) меңгеру;

7) ғылым және жоғары білім саласындағы менеджмент және корпоративтік басқару саласында біліктілікті арттыру сертификаттарының болуы.

Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің негізгі бағыттары бойынша біліктілікті арттыру сертификаттары (куәліктері) болуы құпталады.

 

Конкурсқа келесі тұлғалар қатыса алмайды:

1) жиырма бес жасқа толмаған;

2) бұрын сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзған;

3) өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;

4) медициналық арнайы мекемелерде есепте тұрған;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайлар. 



Конкурсқа қатысуға үміткер келесі құжаттарды ұсынады:

1)  белгіленген нысандағы өтініш;

2)  Конкурсқа қатысушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

3) белгіленген үлгідегі 3х4 түрлі-түсті фотосуретімен қоса конкурсқа қатысушының қызмет тізімі;

4)  мазмұнында келесі мәселелер қамтылған жоғары оқу орнының даму бағдарламасын ұсынады:

– университеттің 5 жылға арналған негізгі даму бағыттары бойынша миссиясы, пайымы, университеттің бекітілген құжаттарына сәйкес және мемлекеттік мүдделер мен міндеттері ескерілген (ұлттық және өңірлік жобалар, тұжырымдамалар, Мемлекет басшысының тапсырмалары) университет құндылықтары мен даму перспективалары;

– университеттің бекітілген құжаттарын іске асыру бойынша ағымдағы жағдайды талдау (дамудың екі-үш басым бағытын (мақсаттарын) және олар бойынша индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізуді көрсету);

- университеттің алдында тұрған және (немесе) алдағы уақытта туындауы мүмкін негізгі сын-қатерлер, сондай-ақ оларды шешу жөніндегі ұсыныстар (өткен кезеңдегі стратегияны іске асыруды талдау, проблемалар, қабылданған шешімдердің сабақтастығы).

- конкурсқа қатысушы ұсынған университеттің даму бағдарламасын іске асырудан күтілетін нәтижелер мен жетістіктер.

Университеттің даму бағдарламасы Power Point форматында көлемі 10 слайдтан аспайтын презентация түрінде рәсімделуі керек.

5) білімі туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелері салыстыру үшін түпнұсқаларымен қоса  ұсынылады:

- ғылым кандидаты немесе ғылым докторы ғылыми дәрежесі туралы, философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесі туралы құжаттардың көшірмелері;

- ғылыми атақ туралы аттестаттардың көшірмелері (болған жағдайда);

- шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтары пен зертханалары «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің Қазақстан Республикасының азаматтарына берген білім туралы құжаттарды, сондай-ақ өзара тану және эквиваленттілік туралы халықаралық шарттың (келісімнің) қолданысына енетіндерді қоспағанда, шетелдік білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының азаматтары алған білім туралы құжаттардың көшірмелеріне білім беру саласындағы уәкілетті орган берген білім туралы осы құжаттарды тану немесе нострификациялау туралы куәліктердің көшірмелері қоса ұсынылады;

- «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлеріне берілген білім туралы құжаттардың көшірмелеріне «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы берген Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша оқуды аяқтағаны туралы анықтаманың көшірмесі қоса ұсынылады;

- өзара тану және баламалылық туралы халықаралық шарттың (келісімнің) қолданысына жататын білім туралы құжаттардың көшірмелеріне білім беру саласындағы уәкілетті орган берген осы білім туралы құжаттарды тану туралы анықтамалардың көшірмелері қоса ұсынылады;

6) жұмыс орны (ағымдағы немесе соңғы) бойынша кадр қызметі куәландырған еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;7) B1 деңгейінен төмен емес Қазтест сертификатының және ғылым және жоғары білім саласындағы менеджмент пен корпоративтік басқару бойынша біліктілікті арттыру сертификатының көшірмелері;8) университет қызметінің негізгі бағыттары бойынша біліктілікті арттыру туралы сертификаттардың (куәліктердің) көшірмелері (бар болған жағдайда);9) № 075у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама (дәрігерлік кәсіби-кеңестік қорытынды);10) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамаға сәйкес құжаттар ұсынылған күнге дейін бір айдан аспайтын мерзімде берілген психоневрологиялық ұйымнан анықтама;11) мемлекеттік қызметтер туралы заңнамаға сәйкес құжаттарды тапсыру күніне дейін бір айдан аспайтын уақытта берілген наркологиялық ұйымның анықтамасы;12) қылмыстық заңнамаға сәйкес лауазымға орналасуға тыйымның жоқтығын растайтын құжат. 
 

Конкурсқа қатысу үшін құжаттар 27 наурыз  2026 ж.  сағ. 18:00  дейін  қабылданады.

Конкурс өтетін күн мен орны қосымша хабарланады. Жоғарыда аталған құжаттарды белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетіне жеткізу қажет. Мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы Астана қ., Мәңгілік ел даңғылы, 8, Министрлiктер үйі, 11-кіреберіс (643-каб.), телефон: 8 (7172) 74-24-26, 74-20-38, 74-19-16, 74-27-25.