Ертең, яғни 1-қазан — Қазақстан Республикасының жоғары білім қызметкерлері
күні және Халықаралық ардагерлер күні. Атаулы мерекеге орай Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да «Ғұмырын білімге,
жүрегін елге арнаған ардақтылар» атты мерекелік салтанатты жиын өтті. Концерт
шымылдығын «Тұмар» би ансамблі «Шашу» биімен ашты.
Ұжым қызметкерлерін, оқытушы-профессор
қауымын кәсіби мерекемен университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы
Әлібек Нұртаев құттықтады.
— Құрметті әріптестер, университет
қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — ҚР Жоғары оқу орны
қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сапалы білім беру, ғылымды
дамыту және болашақ ұрпақты тәрбиелеу жолындағы өлшеусіз еңбектеріңізге алғысым
шексіз. Бұл мереке бәрімізге ортақ. Себебі әрқайсыңыздың жанашырлықпен атқарған
ісіңіз, жауапкершілікпен қараған міндетіңіз — білім ордасының тұрақтылығы мен
табысының кепілі, — деді Әлібек Нұрбайұлы. Жиында оқу-ағарту саласындағы
жетістіктері үшін ардагер заңгер Ынтымақ Жәукебаев ҚР Ғылым және жоғары білім
министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, Бастауышта оқыту әдістемесі
кафедрасының оқытушысы Салтанат Анафияева «Аманат» партиясы Шымкент қалалық
филиалының төрағасы М. Жолдықожаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ,
бірқатар қызметкерлер мен оқытушыларға университет ректорының Алғыс хаттары
табыс етілді.
ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР «Ерен еңбегі»
медалінің иегері Үрәлхан Сейілбекова, ҚР Мәдениет қайраткері, опера әншісі
Ерлан Жандарбайдың мерекелік ән шашуы, оқу орнымызды биыл ғана аттаған 1-курс
студенттерінің орындауындағы әсем әндер құлақтан кіріп, бойды алғандай. Ал,
«Жайдарман КТК» үйірмесінің жетекшісі Тағай Нұралиевтың әзіл-сықақ ойындары
көрермен көңілін серпілтті. «O sole mio» әнін нақышына келтіре шырқаған
халықаралық байқаулардың лауреаты, вокал үйірмесінің жетекшісі Мұхамедияр Ораз
бүгінгі концерттің жаңалығы болғандай.
Айта кетелік, бүгінде Zhanibekov
University–де барлығы 434 оқытушы-профессор бар, оның ішінде 18-ғылым докторы,
172- ғылым кандидаты, 35-РНD, 90-аға оқытушы, 87- оқытушы.