Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да бүгінгі таңда барлығы 8628 білім алушы
оқиды. Міне, осы тоғыз мыңға жуық студентке
жеке іс-қағаздары бойынша сапалы қызмет көрсету университеттің «Үміт»
орталығының басты міндеті болып табылады.
2017 жылдан бастап «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталық
студенттердің оқудан ауысуы, контингент қозғалысын жүргізу, Платонус
бағдарламасындағы мәліметтерді тексеру, тіркеу, білім алушыларға әлеуметтік
жағдайы бойынша анықтама беру, тіркеу, статистикалық есеп дайындау, Қаржы
орталығымен тығыз байланыста болып, базада шәкіртақы дайындау сияқты сан салалы
шаруаны атқарады. Күнделікті ата-аналар мен студенттерден
есігі арылмайтын бұл орталық оқу ордамыздың өн бойына қан жүгіртіп тұрған
күретамыры іспетті.
Бүгінде «Үміт» орталығында барлығы 6 қызметкер бар. Олар күн сайын кем дегенде 20-50 адамға анықтама
ұсынып, 30 шақты электронды өтінішке жауап береді. Жоғалған дипломдар бойынша
сұраныстарды өтейді. Ал, оқу жылының соңында бітіруші түлектерге диплом
әзірлейді. «Қазақстан халқына» қорымен тұрақты байланыс пен ай сайын контингент
қозғалысы туралы есепті уақытылы жолдаудың нәтижесінде аталмыш қор тарапынан
студенттерге бөлінетін грантты да тұрақты иеленіп келеді.
— Алдымызға келген әрбір жанға тек анықтама ұсынып қоймай, әр құжаттың
соңында тағдыр тұр деп білеміз. Студенттің оқудан ауысуына байланысты кейде өмірлік, кәсіби тәжірибемізге
сүйеніп ақыл-кеңес те айтамыз. Биыл физика-математика факультетіне оқуға құжат
тапсырған бір қыз мемлекеттік грантқа іліге алмай, төлемақыны отбасының қалтасы
көтермейтінін айтты. Әлеуметтік жағдайы бойынша көп ұзамай «Қазақстан халқы»
қорының грантын жеңіп алды. Іле-шала мемлекеттік грант саны көбейіп, әлгі
грантты да иеленіп, ауысып алды. Сөйтіп, ол қызға несібесі мол қыз екен деп,
Несіпкүл деген ат қойдық, — деп күледі орталық басшысы Гүлмира Керімқұлова.
Гүлмира Әбдікәрімқызы орталықтың ең даулы нүкте екенін де жасырмайды. «Кейде ата-аналар шыдамсызданып, анықтаманы жылдам
беруді талап етеді. Бірақ ол бір-ақ күнде жүзеге асатын процесс емес. Өтініш
жазу, бұйрыққа қол қою сияқты көптеген тиісті ережелер бар. Кез-келген ХҚКО
барсаңыз да сізге құжат алу үшін кемі 3 жұмыс күнін күтетініңізді айтады.
Әрине, мұның бәрін келушілерге айтып түсіндіреміз. Сұранысын орындап беруге
әрекет жасаймыз. Сондай-ақ, кейде оқу үлгерімі төмендеген, немесе басқа
себептермен студенттер оқудан шығарылып жатады. Өкініштісі, балалар бұл
жағдайды отбасына айтуға қорқады немесе ұялады. Сөйтіп, ата-ана баласының
оқудан шыққанын білмей жүре береді. Өйткені, бала үйден оқуға кеттім деп шығып
кетеді, тіпті, оқу төлемақысын да сұрап алады. Ал ол ақшаны қайда жұмсайтыны,
өзінің қайда жүргені белгісіз. Ақыр соңында диплом алар сәт туғанда барлығы
белгілі болып, соңы өкінішті жағдайларға да ұласады. Ата-аналарға айтарымыз,
балаларыңызбен жиі сөйлесіп, не істеп жүргенінен бейхабар қалмаңыздар» дейді
ол.
ОҚПУ-дың ХҚТУ Шымкент бөлімінен бастау алған сәт 1996 жылдан бастап
абыройлы еңбек етіп келе жатқан Гүлмира Әбдікәрімқызы білім және ғылым саласына
қосқан елеулі үлесі үшін бірнеше Алғыс хаттармен, министр Саясат Нұрбектің
Құрмет грамотасымен марапатталған.