Zhanibekov university logo

СТУДЕНТТЕР АУЫЛ ӘЖЕЛЕРІНЕН КІЛЕМ ТОҚУДЫ ҮЙРЕНЕДІ

5 Қараша 2026, 16:29
Медиа Орталық

Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай бүгін «SHE RUG 2026» көрмесінің салтанатты ашылуы болды. Іс-шараны Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Өзбекәлі Жәнібеков орталығы мен «SHE RUG» көрмесінің негізін қалаушы әрі кураторы, ShyraQ компаниясының директоры Сандуғаш Бейсенбекова ұйымдастырды.

Тағылымды шараға университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев, ғалымдар, өнер зерттеушілері, қолөнер шеберлері, суретшілер мен студенттер қатысты. Жиынның ашылуында сөз сөйлеген ректор Қайрат Рахымұлы ұлттық мәдени мұраны сақтау, оны жаңғырту және келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы ұлттық бірегейлікті сақтау, тарихи-мәдени мұраны дәріптеу және рухани құндылықтарды нығайту бағытындағы басымдықтарды атап өтті. Сондай-ақ Өзбекәлі Жәнібековтің халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын жинақтау, зерттеу және жаңғырту жолындағы еңбегіне тоқталып, қайраткер есімін иеленген университет үшін осындай тағылымды бастамаларды жүзеге асырудың айрықша мәні бар екенін айтты.

Көрмеге Түркістан облысы ауылдарындағы ақ кимешекті әжелердің тоқыған қолөнер бұйымдары ұсынылып, олардың тарихынан сыр шертілді. Жарты ғасырлық тарихы бар алаша, кілемдерді студенттер көзбен көріп, қолмен ұстап тамашалады. Суретші, гобелен шебері, PhD, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәлік Флоберұлы, суретші әрі текстиль шебері Гүлжаһан Оңғарова мен Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, сәндік-қолданбалы өнер суретшісі Айгүл Қырықбаева гобелен өнерінің тарихымен таныстырып, қазақтың дәстүрлі кілем тоқу техникасын көрсетті. «SHE RUG» көрмесінің негізін қалаушы әрі кураторы, ShyraQ компаниясының директоры Сандуғаш Бейсенбекова «Дәстүр және заманауи дизайн: Кілем тоқу өнерінің қазіргі интерьердегі, заманауи өнердегі және шығармашылық индустриялардағы орны» тақырыбында ой бөлісті. Ол ұлттық қолөнердің бүгінгі дизайн кеңістігіндегі мүмкіндіктерін таныстырып, дәстүрлі өнерді жаңа шығармашылық бағыттармен ұштастырудың маңызын атап өтті.

Көрме мен семинар барысында қатысушылар қазақ кілем тоқу өнерінің тарихы, ою-өрнек жүйесі, дәстүрлі тоқу технологиялары және оның заманауи өнердегі көріністері жөнінде пікір алмасты.Іс-шараның негізгі мақсаты – Өзбекәлі Жәнібековтің мәдени мұраны зерттеу мен жаңғыртудағы өнегелі жолын жастар арасында насихаттау, ұлттық қолөнердің құндылығын таныту және дәстүрлі өнердің заманауи шығармашылық индустриялардағы әлеуетін арттыру. Жиын соңында қатысушылар ұсыныстарын ортаға салып, ұлттық кілем тоқу өнерін зерттеу, оқыту және заманауи дизайнда қолдану бағытында университет, ғалымдар, қолөнер шеберлері мен ShyraQ компаниясы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Аталған көрме ертең университетте ғылыми-танымдық конференцияға жалғасып, студенттер кілем тоқуды белгілі қолөнер шеберлері мен ауыл әжелерінен үйренбек.