Zhanibekov university logo
Image

Ж. Аймауытов атындағы көпсалалы колледж

Колледж

87 жылдық тарихы бар шежірелі қара шаңырақ, еліміздегі еңселі де беделді оқу орындарының бірі, ағартудың алтын тұғыры  саналады. Жетпіс мыңнан аса жоғары білікті маман даярлап, білім беру саласында орасан зор тәжірибе жинақтады. Іргелі, озық университет ретінде қалыптасу жолында күрделі және үлкен белестерден өтті. Түлектері тек Қазақстан аумағында ғана емес, сонымен қатар таяу және алыс шетелдерде білімдерін жалғастырып, білікті, жауапты маман ретінде танылып қызмет атқарып жүрген көптеген шәкірттеріміздің бар екендігін атап өткен жөн. Оқу орнымыздың танымал түлектер қатарында Кеңес Одағының Батыры Бейсен Оңтаев, Социалистік Еңбек Ері Маржан Тасова, Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, руханият шырақшысы, ғұлама шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттары, ақын Нармахан Бегалыұлы, Ханбибі Есенқарақызы, Олимпиада жүлдегері Дархан Асәділ т.б. есімдері үлкен мақтанышпен аталады.

Бүгінде ұлт ұстазы Өзбекәлі Жәнібеков атын иеленген Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті қызметін білім – ғылым – ұлттық тәрбие үштағаны бойынша жүргізуде.  Оқу орнының ұстаздары жұмыс барысында ел егемендігі жолында, ұлт руханиятының дамуы үшін жан аямай еңбек еткен жан-жақты тау тұлға Жүсіпбек Аймауытұлының озық ойларын ұтымды пайдалануда. Осы орайда университет жанынан колледждің ашылуы  мен  оған  Жүсіпбек Аймауытұлы есімінің берілуі  айтулы тарихи оқиға деп санаймыз. Ұлт ардақтысының сан салалы қызметінің бір кезеңі Шымкент педагогикалық колледжінде өткенін, «Ақбілек» романын осы Шымкент шаһарында жазғанын ескерсек, тарихи сабақтастықтың сақталғанының куәсі болып отырмыз.

Жүсіпбек Аймауытұлының өмір жолы мен атқарған қызметіне үңіле түссек, сарқылмас қазынаға тап боламыз. Ең алдымен, ұлттық педагогика, психология ғылымдарының қалыптасып, дамуына айтарлықтай үлес қосты. Оқыту, тәрбие беруді кәсіби мамандығы санаған өз еңбектерінде  білім беру мәселелеріне көп көңіл бөліп, ғылым-білімге дұрыс бағыт беретін тәрбие болуы керектігіне баса назар аударды.

Бұл игі шара  көптеген білім алушының – болашақ педагогтардың жан-жақты дарын иесінің өмірінен өнеге, тірлігінен тағылым алып, Жүсіпбектей қазақ руханияты жанашырының есімі болашақ ұрпақты елжанды, отаншыл етіп тәрбиелеуде қажымас қайрат пен таусылмас қуат береріне сенімдіміз.

Ал 2023 жылы 1 қарашада 41 жыл еңбек өтілімі бар, жоғары санатты оқытушы, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелігісінің иесі Тунгатарова Жанна Мерекеевна  Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан ашылған Жүсіпбек Аймауытұлы  атындағы көпсалалы колледжінің директоры болып тағайындалды. Бастапқыда педагогиканың үш бағыты бойынша, яғни, «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Музыкалық білім беру», «Көркем еңбек» мамандықтары бойынша білім беруді жүзеге асырды. Бұл өз кезегінде колледж студенттерінің университетке даяр маман болып келуіне септігін тигізіп қана қоймай, университетімізге түсу талаптарын жеңілдетіп, қысқа мерзім ішінде аяқтауға да мүмкіндік береді.