ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ МЕКЕМЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
*Заң мен тәртіп
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде құқық қорғау мекемесі қызметкерлерімен кездесу жиыны өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Сержан Айнабеков, Шымкент қаласы Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Еділ Байжанов қатысты. Кездесуді университеттің Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек жүргізді.
Кездесу барысында сөз алған Сержан Айнабеков жастарға заң талаптарын сақтаудың маңызын атап өтті.
— Қазіргі қоғамда құқықтық сауаттылық әр азамат үшін аса маңызды. Заңды білу – өз құқығыңды қорғау ғана емес, өзгеге зиян келтірмеудің де кепілі. Жасанды интеллект дамыған сайын алаяқтардың да айласы күшейіп келеді. Олар адамның дауысын салып, бейнесін өзгертіп, түрлі жалған ұсыныстар арқылы сенімге кіреді. Әсіресе жастарды «жеңіл ақша» табуға шақырып, қылмысқа итермелейтін жағдайлар көбейді. Егер сізге қысқа уақытта мол табыс табуға уәде етсе, ойланыңыз. Оңай жерде батпанқұйрық жатпайды. Қаржылық пирамидаларға ақша салу – өз болашағыңызға қауіп төндіру, — деп ескертті мамандар. Сондай-ақ, банк карталарының қауіпсіздігі де сөз болды.
— Бөгде адамдардың өтінішімен өзге есепшоттарға ақша аудармаңыздар. Банк те, полиция да ешқашан телефон арқылы несие алуды талап етпейді. Көп жағдайда алаяқтар WhatsApp арқылы хабарласып, өздерін қызметкер ретінде таныстырады, — дейді кездесу қонақтары. Бүгінде киберқылмысқа қарсы арнайы басқармалар жұмыс істейді. Кей азаматтар, студенттер достарының өтінішімен банктен несие алып, алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, бар мүлкінен айырылып опық жеп жатады. Қаржылық сауаттылық – бүгінгі күннің талабы. Әр қадамыңызды ойланып басыңыз. Жеңіл жолмен келген табыс баянды болмайды, ал шынайы жетістік тек адал еңбекпен келеді, — деп қорытындылады спикерлер. Кездесу соңында студенттер сұрақ қойып, құқықтық және қаржылық қауіпсіздікке қатысты тұщымды жауаптар алды.
Осыған ұқсас
ХИМИЯ ЖАҢАЛЫҒЫНЫҢ ЖАС ЖҰЛДЫЗДАРЫ
ӘСКЕРИ КАФЕДРА ОҚУҒА ШАҚЫРАДЫ
ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГТЫ ҚАЛАЙ ДАЯРЛАП ЖҮРМІЗ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ ҚАНДАЙ?
УНИВЕРСИТЕТ ҰЖЫМЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫ ҚОЛДАДЫ
ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ОЙЫНДАР ЖЕҢІМПАЗДАРЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ
ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР БАЛАБАҚШАДА ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ ҮШІН ОЙЫН МАКЕТТЕРІН ҚОЛДАНУҒА АРНАЛДЫ
«Күй күмбірі» — Жәнібеков рухына тағзым
2026 жылы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университенінің әскери кафедрасына әскери даярлықтан өту үшін оқуға шақырамыз!
ЖАҢАРҒАН КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ