Zhanibekov university logo

ҒАСЫР ҒҰМЫРЛЫ ҰСТАЗДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

5 Қараша 2026, 18:11
Медиа Орталық

 

Бүгін Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Қайрат Балабиев белгілі ғалым, ардагер ұстаз, профессор Қапира Сәдуақасованы «Құрмет» орденімен марапатталуымен арнайы барып құттықтады.

Тағылымды жүздесуге ғалымның шәкірттері, университет Ректорының кеңесшісі Гүлжан Сүгірбаева және Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек қатысты. Олар ғасырдан астам ғұмырын білім мен ғылымға, ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты ұстазға ізгі тілектерін жеткізіп, қуанышымен бөлісті.

Кездесу барысында Қайрат Балабиев университет ұжымының атынан құттықтауын жеткізіп, Қапира апайға гүл шоғын табыстады. Қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Қапира Сәдуақасова – саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Ол ұзақ жылдар бойы жоғары білім беру саласында еңбек етіп, тарих ғылымының дамуына және жас ұрпақтың танымдық дүниесін қалыптастыруға үлес қосты. Ғалымның педагогикалық мұрасы мен өнегелі өмір жолы өзі еңбек еткен білім ордасының тарихымен тығыз байланысты.Биыл ғалымның 100 жылдық мерейтойына орай университетте профессор Қапира Сәдуақасова атындағы «Ежелгі дүние тарихы» дәрісханасы ашылған болатын. Бұл – ұстаз есімін ұлықтап, оның еңбегін кейінгі ұрпаққа танытудың жарқын үлгісі.

Биыл 101 жасқа толған Қапира апай өз кезегінде ақжарма тілегін айтып, ақ батасын берді. Ғасыр жасаған ғалымның парасатты сөзі мен батасы ерекше әсер сыйлады. Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет. Ал саналы ғұмырын ел болашағы мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған тұлғалардың еңбегін ұлықтау – кейінгі буынның парызы.