Zhanibekov university logo

«ЕҢСЕСІ БИІК ЕГЕМЕН ЕЛІМ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

28 Қазан 2025, 18:10
Медиа Орталық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да 25-қазан Республика күніне 35 жыл толуына орай «Еңсесі биік егемен елім» атты салтанатты шара өтті. Патриоттық шара шымылдығы 35748 әскери бөлім оркестірінің орындауындағы ҚР Мемлекеттік Гимні аясында Мемлекеттік Тудың кіргізілуімен ашылды.

 

Университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев қатысушыларды атаулы мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.

— Республика күні – әрбір қазақстандық үшін еркіндік пен теңдіктің символы. Бұл мереке — бабалар армандаған азаттықтың ақ таңы. Біздің университет жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету мен рухани-адамгершілік тәрбие берудегі үлкен миссияны абыроймен атқаруда. Білім мен ғылымды дамытуға бар күшімізді салып, тәуелсіз елдің дамуына өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Әрбір студент – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Республика күні – бізді біріктіретін мереке. Осы айтулы күнді тойлай отырып, әрқайсымыздың жүрегімізде тәуелсіздіктің қадірі мен елге деген махаббат арта түседі, —деді.

 

Мерекелік шарада жоғары білім мен ғылым саласында елеулі еңбек етіп жүрген оқытушы-профессорлар мен қызметкерлер марапатталды. Бастауышта оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Зәуре Қуанышбаева «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иеленсе, «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі Гүлдариға Таутаева, Қарлығаш Сапарбаеваға берілді. Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғысы, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломы, «Ғылым үздігі», «Тіл жанашыры» құрмет дипломы, «Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалының Алғыс хаты өзінің лайықты иелерін тапты. Мұнымен қоса, университеттің оң имиджін қалыптастыру бағытында әлеуметтік желі парақшаларына белсенді үлес қосушы студенттер медиасы Ректор Алғыс хатымен марапатталды.

 

Салтанатты марапат соңы концерттік бағдарламаға ұласты. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бүгінгі ән шашудағы ерекше шығармашылық нөмірлер көрерменге ғажайып әсер сыйлады. Домбырашылар триосының орындауындағы күй шашу, театр үйірмесінің поэтикалық композициясы тыңдағанның құлақ құрышын қандырғандай.

Уа, еркіндік! Құның немен өлшенді?!

Сені көксеп боздақтарым өлсе өлді!

Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,

Ең шуақты, ең шырайлы, ең шерлі! — деп ақын Қалқаман Сарин жырлағандай, әсерлі шығармашылық кеш еркіндік мерекесінің қадірін әр жүрекке жеткізген күн болды.