Zhanibekov University-де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Марат Әйтімов пен Ғани Құлжановпен «Өмірі өнермен өрілген» тақырыбында шығармашылық кездесу өтті.
Шығармашылық кешті университеттің «Мұра»
ұлттық шығармашылық орталығының айтыс үйірмесінің жетекшісі, айтыскер ақын
Нұрғали Әнапия домбырамен арнаумен ашты. Өнер және білім факультеті, музыкалық
білім кафедрасының студенттері әдеби-музыкалық композиция аясында қонақтарға
гүл шоқтарын сыйлап, экраннан өнер иелерінің шығармашылық жолы туралы бейнебаян
көрсетілді.
Әсерлі кездесуді Басқарма мүшесі —
Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек
жүргізіп отырды.
— Кездесудің мақсаты — өнерге бейім
студенттерге осындай тұлғалармен сұхбаттасып, өнер жолын насихаттау арқылы
таланттарын ашып, құлшынысын арттыру. Өздеріңіз білетіндей, Марат Олжабайұлы
әлемге қазақ атын асқақтатып жүрген Димаш Құдайбергеннің ұстазы. Біздің
университет педагогтар даярлайтын оқу орны болғандықтан, ұстаз бен шәкірт ұғымы
арқылы өнер саласында ынтымақтастықты дамытуға арналады — деді Баршагүл
Қашқынқызы.
Көрерменді үш сағатқа жуық тапжылтпаған әсерлі кешті «Музыкалық білім»
кафедрасының меңгерушісі Алена Досбағанбетова мен аға оқытушы Марина Лес
ұйымдастырды.Тұнық өнердің тұлғалары сахна төрінде өздерінің шығармашылық еңбек
жолдары мен тәжірибесін, өмірлік ой-толғамдарын жастармен бөлісті. Студенттердің сұрақтарына шынайы жауап беріп, нағыз
маман болу үшін керек қасиеттерге жол сілтеді. «Адамға бақ Құдайдан беріледі.
Мен осы өмір жолымда қаншама мықты болғанымен, сахнада жарық жұлдызы жанбай
қалған өнерпаздарды білемін. Димаштың анасы Светлана Айтбаева да менің шәкіртім
екенін айта кеткім келеді, ол кезде оқыту бағдарламасы басқаша болатын. Менің
сабақ берудегі принципім — қамшы мен сыбаға. Димашты көбірек қамшыладым.
Барлығы 33 жылдық ұстаздық тәжірибемде берілген тапсырманы артық нұсқаусыз
орындайтын барлығы 5 шәкіртім болса, соның бірі Димаш екен. Яғни, ол сен
тапсырма бергеннен кейін айтқызбай-ақ өзі қосымша ізденуден жалықпайтын. Сіздер
білесіздер, емтихан күні жақындағанда жаттаған шығарманың көркемдігі қашан да
кемшін. Ал, Димаш шығарманы алғаннан алғашқы аптадан кейін-ақ нотасыз, образбен
орындайтын. Бұл — талант пен еңбектің тоғысуы» дейді Димаш феномені жайында
ұстазы Марат Әйтімов.
Өмірін өнерге арнаған кеш қонақтары бұдан бөлек сахна мәдениеті, дауысты сақтаудың техникалары, ұстаз жауапкершілігі туралы көптеген сыр шертті. «Театр – адамдарды туыстыратын шығармашылық отбасы, сахна өнері – тіл жетпес құдіретті өмір шындығын білу, яғни адамның сахнаны сүймеуі мүмкін емес» деп Шәкен Аймановша өнер құдіретін әр жүрекке ұғындырды. Кеш соңында өнер иелеріне университет студенттерінің қолөнер бұйымы мен оқу ордамыз туралы жазылған «Шежірелі шаңырақ» кітабы сыйға берілді. Түстен кейін майталман мамандар Өнер және білім факультетінің студенттеріне тәжірибе бөлісіп, арнайы дәріс оқыды.

