Zhanibekov university logo

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ БҮГІН КӨРІСУ КҮНІМЕН БАСТАЛДЫ

13 Наурыз 2026, 11:19
Медиа Орталық

 

 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі бүгін Көрісу күнімен («Digital amal») басталды. «Шаңырақ» ғимаратының фойесіне жиналған университет ұжымы мен студент жастар ұлттық киімде бір-бірімен қауышып, төс қағыстырып, амандық сұрасты. Халық аспаптарының сүймелдеуімен өнерпаздар ән шырқап, би билеп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

 

Көктеммен келген Жаңа жыл мерекесін университет Басқарма төрағасы-ректор м.а Әлібек Нұртаев құттықтау сөзбен ашты.

— Өздеріңіз білесіздер, көрісу күні қыс аяқталып, табиғаттың жаңаруымен қатар, адамдардың да бір-бірімен қауышып, жаңа күнді бірге қарсы алуына арналған мейрам. Наурыз — Жаңа жылдың бастауы. Ескі жылда елімізде жетістіктер аз болған жоқ. Ал, университетіміз жанынан Түркияның Гази университетінің филиалы ашылып, студенттерге халықаралық білім алудың мүмкіндік аясы кеңейді. Жаңа жылда да жақсылықтар мол болады деп сенеміз. Барлығыңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын, — деді Әлібек Нұрбайұлы.

 

 

Мереке аясында Өнер және білім факультетінің студенттері дәстүрлі ән шеруін назарға ұсынды. Ал, Физика және математика факультетінің болашақ информатик мамандары ұлттық нақыштағы гуманоид роботты билетіп, автоматты құрылғыны бағдарламамен басқаруды көрсетті. Университетте Көрісу күні басталған мерекелік шаралар легі 10 күнге дейін жалғасады. Атап айтқанда 15-наурыз Қайрымдылық күні, 16-наурыз Шаңырақ күні, 17-наурыз Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 18-наурыз Ұлттық киім күні, 19-наурыз Жаңару күні, 20-наурыз Ұлттық спорт күні болып белгіленді. Ал, 21-наурыз Ынтымақ күніне ұласып, 22-наурыз — Жыл басы 23-Наурызда Тазару күнімен қорытындыланбақ.