«ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ҚҰБЫЛЫСЫ: ТҰЛҒА ТАҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Бүгін университетте мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өзбекәлі Жәнібеков құбылысы: тұлға тағылымы және педагогикалық құндылықтар» атты «Жәнібеков оқулары – 3» халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Ауқымды ғылыми басқосудың мақсаты – көрнекті тұлғаның тарихи, мәдени және рухани мұрасын жан-жақты зерделеу, оның ұлттық құндылықтарды жаңғыртудағы рөлін ғылыми тұрғыдан бағамдауға арналды.
Пленарлық мәжіліс университеттің Басқарма төрағасы – ректор м.а Әлібек Нұртаевтың алғы сөзімен ашылды. Ол Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ мәдениеті мен ұлттық сананы жаңғыртудағы еңбегіне тоқталып, мұралары жас ұрпақ үшін үлгі екенін атап өтті. Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, белгілі тарихшы-этнолог Ахмет Тоқтабай және аспаптанушы-этнолог Зәбира Жәкішева мазмұнды баяндамалар жасады. Ғалымдар қазақ халқының дәстүрлі этнографиясының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызына тоқталып, Өзбекәлі Жәнібековтің тарихи-мәдени мұраларды жаңғыртудағы еңбегін кеңінен зерделеді. Әсіресе, оның Айша бибі кесенесін қалпына келтірудегі рөлі мен қазақ мұратану ғылымын дамытуға қосқан үлесі ерекше аталып өтті.
— Кесененің күмбезін қайта қалпына келтіруде оның алғашқы пішіні қандай болған деген сұрақ ғалымдар мен сәулетшілер арасында жылдар бойы тартысқа ұласып келген екен. Осыған нүкте қою үшін академик Кемел Рақышев Әбен Итенов деген жас архитекторға зерттеп, зерделеу жұмыстарын тапсырды. Бұл 2 жыл уақытты қамтыды. Қазба жұмыстарының нәтижесінде күмбез пішіні конус тәріздес жасалынатын болды. Өзекең ол үшін шеберлерді Өзбекстаннан қыш құю өнерін меңгеруге арнайы жіберді. Бірде Өзекеңнің жұмыс бөлмесіне кірсем үстелінде реставрацияға құйылып жатқан кірпіштің бір данасы тұр, салмағы өте ауыр. Шеберлерге «Мына кірпіштің салмағы ауыр, ұрса адам өлтіретіндей екен. Демек, сапасы да Самарқанның қыштарынан кем болмауы тиіс» дегенде олар қышты Түркістан топырағынан құйып жатқанын айтты. Өзекең бір сәт ойланып, «Мен сондағы ағайындардан Сауранның топырағы мығым әрі құнарлы екенін естуші едім, ендігі қышты сол жерден құю керек» деді. Осылайша ұлт жанашыры өзі қолға алған істің әрбір ұсақ-түйегіне дейін мән беріп, асқан жанашырлық пен жанкешті еңбекпен атқаратын, — дейді ғалым Ахмет Тоқтабай.
Мәжіліске Өзбекәлі Жәнібековтің немересі, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қордың президенті Әзел Бауыржанқызы, немере қарындасы Айғаным Серімова қатысып, естеліктерімен бөлісті. Филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек «Өзбекәлі Жәнібеков кім?» тақырыбында баяндама жасап, тұлғаның қоғамдық қызметі мен рухани болмысын жан-жақты ашып көрсетті. Ал Арқалық қаласындағы “Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы" КММ басшысы Рауан Терек ұлт жанашырының Торғай өңіріндегі еңбек жолына тоқталып, өңірлік мәдениетті дамытудағы еңбегін нақты деректермен баяндады.
Конференция – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тарихи сананы жаңғыртқан маңызды ғылыми жиын болды. Ой-пікірлер мен ғылыми тұжырымдар Өзбекәлі Жәнібековтің тұлғалық болмысын терең түсінуге, сондай-ақ оның педагогикалық және мәдени мұрасын қазіргі қоғам игілігіне тиімді пайдалануға жол ашады. Ғылыми шараға республиканың әр өңірі мен көрші Ташкент, Самарқан қалаларынан ұсынылған барлығы 300-ден астам мақала жинақ болып жарық көрмек.


Осыған ұқсас
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттері арасында «Наурыз» мерекесіне арналған ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстың ережесі
G1 ГУМАНОИД РОБОТЫ ҰЛТТЫҚ КИІМ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
«Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы - Ректоры бос лауазымына конкурс
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ИНЖЕНЕРЛІК ЖОБАДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫН!
НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ БҮГІН КӨРІСУ КҮНІМЕН БАСТАЛДЫ
DIGITAL NAURYZ - 2026 БАҒДАРЛАМАСЫ
ДИССЕРТАЦИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУІН СӘТТІ ҚОРҒАУЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
AI-SANA: ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚАДАМ
«ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛУЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ