Zhanibekov university logo

РЫСДӘУЛЕТ — ЖІГІТ СҰЛТАНЫ, ДИАНА — ОҚПУ АРУЫ!

15 Сәуір 2026, 16:00
Медиа Орталық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да «Қыз сыны және Жігіт сұлтаны – 2026» байқауы өтті. Сайыс жастардың өнерін, білімін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін және жан-жақты қабілетін танытуға арналды. Аталған байқауға университеттің әр факультетінен бір жігіт, бір қыз қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар физика-математика, тарих және педагогика, жаратылыстану, филология, дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ өнер және білім факультеттерінің намысын қорғады.

 

Байқау екі негізгі номинация бойынша ұйымдастырылды: «Қыз сыны» және «Жігіт сұлтаны». Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар өздерін ерекше үлгіде таныстырып, шығармашылық қабілеті мен сахна мәдениетін көрсетті. Екінші «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде үміткерлер ән айту, би билеу, күй орындау, спорттық немесе сахналық өнер арқылы өз таланттарын паш етті.

 

Үшінші «Сұлу мен сымбат» кезеңінде қатысушылар ұлттық киім үлгілерін көрсетіп, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеті мен әсем жүріс-тұрысын көрсетті. Ал соңғы «Тұлға – Дәстүр – Тәуелсіздік» кезеңінде қатысушылардың білім деңгейі сынға түсіп, оларға қазақ халқының салт-дәстүрі, Тәуелсіз Қазақстан жетістіктері мен Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі, еңбегі туралы сұрақтар қойылды.

 

Байқауды университет Басқарма төрағасы-ректор м.а. Әлібек Нұртаев тамашалады. Тәрбие және жастар саясаты департаменті директоры Қайрат Анарбаев бастаған тәжірибелі әрі білікті мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Олар қатысушылардың өнерін, сахнадағы мәдениетін және білім деңгейін бағалады. Нәтижесінде филология факультетінің студенттері Рысдәулет Смайлов «Жігіт сұлтаны» атанса, Диана Досболова ОҚПУ аруы деп танылды. Байқау жеңімпаздары марапатталып, арнайы номинациялар бойынша үздіктерге дипломдар мен алғыс хаттар табысталды. Жалпы, бұл байқау тек жарыс емес, жастардың бойындағы өнер мен білімді, ұлттық тәрбиені дәріптейтін рухани-мәдени кеш болды.