Zhanibekov university logo

ЖАҢА ҒИМАРАТТА СТУДЕНТТЕР АСХАНАСЫ АШЫЛДЫ

5 Қазан 2026, 12:58
Медиа Орталық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің биыл пайдалануға берілген Қонаев көшесі, 118 мекенжайындағы оқу ғимаратында студенттерге арналған жаңа асхана өз жұмысын бастады. Жаңа асхананың ашылуына ұйытқы болған университет Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев бүгін арнайы барып, тамақтану орнының жағдайын аралап көрді. Ректор ас үйдің жабдықталуымен, тамақ дайындау және ыдыс жуу орындарымен, қойма бөлмесімен танысып, студенттерге жасалған жағдайды бағалады. Сонымен қатар студенттермен бірге таңғы ас ішіп, олардың пікірлерін тыңдады.

Жаңа асхананың жалпы аумағы – 330 шаршы метр, оның ішінде тамақтану залының көлемі 124 шаршы метрді құрайды. Асхана заманауи талаптарға сай жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тамақ дайындау және ыдыс жуу орындары санитарлық талаптарға сәйкес жабдықталған. Сондай-ақ азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған арнайы қойма қарастырылған.

Асхана бір мезгілде 120 студентке дейін қызмет көрсете алады. Алдағы уақытта тамақтану залындағы орындықтар мен үстелдер саны қосымша көбейтілмек. Жаңа асхананың ашылуы – білім алушылардың сапалы әрі қолжетімді тамақтануын қамтамасыз етуге және оқу ордасында студенттерге жайлы орта қалыптастыруға арналған.