Zhanibekov university logo

ЕҢБЕК АДАМДАРЫН ҚҰРМЕТТЕДІ

2 Қазан 2026, 16:10
Медиа Орталық

 

Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісі – Еңбек күні ретінде аталып өтеді. Атаулы мереке қарсаңында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Қайрат Балабиев университеттің Инфрақұрылым департаментінде еңбек ететін қызметкерлер мен жұмысшыларды құттықтап, бірқатар азаматқа Алғыс хат табыс етті. Мерекелік кездесуде университет ректоры:

 

— Еңбек – адамды абыройға бөлейтін, елдің дамуына жол ашатын ең үлкен құндылық. Оқу орнымыздың жетістігі тек профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың ғана емес, қарапайым еңбек адамдарының маңдай теріне де тікелей байланысты. Сіздердің әрқайсыңыз өз ісіңізге жауапкершілікпен қарап, университетіміздің дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер.Адал еңбектеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз үшін шынайы алғыс білдіремін, — деді Қайрат Рахымұлы.

 

Бүгінде Инфрақұрылым департаментіне қарасты құрылымдарда 135 қызметкер мен жұмысшы еңбек етеді. Олардың қатарында инженер, құрылысшы, комендант, кезекші, күзетші, еден жуушы, дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, құбыр жөндеуші, бағбан және қауіпсіздік қызметкерлері сынды түрлі кәсіп иелері бар. Солардың бірі – Павел Кедров. Ол университетте 45 жылдан бері ағаш ұстасы болып еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде оқу орнының ғимараттарындағы көптеген ағаш бұйымдар мен жиһаздар Павел Юрьевичтің шебер қолынан шыққан. Ол 2019 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хатымен марапатталса, 2022 және 2024 жылдары Қазақстанның салалық ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің «Халықтар достығына қосқан үлесі» және «Халықаралық қызметтегі ерекше жетістіктері үшін» медальдарына ие болды.

Марапаттау рәсіміне ректор кеңесшісі, «Қазақстанның Еңбек ері» атағының иегері Мұқаш Ескендіров, проректорлар мен жауапты бөлім басшылары қатысты. Кездесуде еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, атаулы мереке қарсаңында сыйақы берілді.