Zhanibekov university logo

ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МЕН ҚАРЖЫ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАУАПТЫ ЕҢБЕК!

10 Қараша 2026, 16:44
Медиа Орталық

 

10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні, сондай-ақ Бухгалтерлік есеп және аудит саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі! Бүгінгі білім беру кеңістігін ақпараттық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Университеттің цифрлық инфрақұрылымын дамыту, ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, оқу үдерісін автоматтандыру және ақпараттық қауіпсіздікті сақтау – осы сала мамандарының күнделікті атқарып жүрген жауапты жұмысының бір бөлігі.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Ақпараттық технологиялар департаментінде бүгінде 17 маман еңбек етеді. Департамент басшысы Саят Іңкәрбеков бастаған білікті мамандар университеттің цифрлық жүйелерін жетілдіру, заманауи технологияларды енгізу, оқытушылар мен студенттерге қолайлы цифрлық орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Олардың еңбегі білім беру сапасын арттыруға, басқару үдерістерін оңтайландыруға және университеттің технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге зор үлес қосуда.

Сонымен қатар университеттің тұрақты дамуы мен қаржылық әлеуетін нығайтуда қаржы-экономикалық қызмет мамандарының еңбегі ерекше. Бүгінде бухгалтерия, экономика және мемлекеттік сатып алу қызметтерінде барлығы 15 маман жұмыс істейді. Олар университет қаражатын тиімді жоспарлау, қаржыны ұтымды игеру және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс атқаруда.

Мамандардың үнемді әрі тиімді қаржылық басқаруының нәтижесінде университеттің кіріс көлемі артып, инфрақұрылымы жаңарып, заманауи зертханалар саны көбеюде. Сондай-ақ шетелде білім алатын студенттерді қолдау мүмкіндігі де кеңейіп келеді. Мемлекет есебінен 9 студентке қаржылай қолдау көрсетілсе, университеттің өз қаражаты есебінен бұл көрсеткішті 30–50 студентке дейін арттыруға мүмкіндік жасалған. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыста бас бухгалтер Күмісай Қыстаубаеваның және қаржы саласының барлық мамандарының еңбегі айрықша.

Құрметті әріптестер! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, кәсіби жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз! Университет игілігі жолындағы жауапты қызметтеріңіз әрдайым жемісті болсын!