Zhanibekov university logo

«ӨМІРІ ӨНЕГЕ ҰСТАЗ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

29 Мамыр 2026, 15:10
Медиа Орталық

Бүгін университетте ұлағатты ұстаз, ардақты педагог Жүзбай Қырғызбаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Өмірі өнеге ұстаз» атты ғылыми-танымдық семинар өтті. Тағылымды шараға университет басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, профессор-оқытушылар құрамы, білім алушылар және мерейтой иесінің шәкірттері қатысты.

 

Іс-шара барысында экраннан ғалым-ұстаздың өмір жолынан бейнеролик көрсетілді. Қатысушылардың орындауында «Ұстазым» әні шырқалып, мерекелік кештің шымылдығы ашылды. Мерейлі жиынды Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек жүргізіп, кеш иесінің білім мен ғылым саласына сіңірген ерен еңбегіне тоқталды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов арнайы қатысып, мерейтой иесіне қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің құттықтау хатын оқып, қазақы үрдіспен иығына шапан жапты. Ал, университет Басқарма төрағасы-ректор м.а Әлібек Нұртаевтың Алғысхатын оқу орны проректоры жеткізді.

 

Семинар барысында филология факультетінің 4-курс студенті, айтыскер ақын Даниал Болысбек домбырамен арнау айтып, кеш мазмұнын тереңдете түсті. Математика кафедрасының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Құрбанхожа баяндама жасап, ұстаздың еңбек жолы мен ғылымдағы орны туралы кеңінен таныстырды. Ал, белгілі өнерпаз оқытушы Самат Өтеболатов халық әнін орындап, көпшілікке рухани әсер сыйлады.

 

Ақын, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының, “Парасат”, “Барыс” ордендерінің иегері Ханбибі Есенқарақызы жездесі Жүзбай Қырғызбаевтан тар кезеңде кеңшілік көрген жастық шақты, өзі кішкентай болса да мейірімге толы үлкен жүрек иесі екендігін айтып, өлең оқыды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Лесхан Сманұлы да сөз сөйлеп, мерейтой иесінің адами болмысы мен ұстаздық қасиеттеріне ерекше тоқталды.

 

Математика кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Әмірбекұлы Алданазар «Қырғызбаев Жүзбайдың ғылым мен білім саласындағы жетістіктері» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның ғылым мен педагогика саласына қосқан үлесін жан-жақты баяндады. Іс-шара естелік суретке түсумен қорытындыланды.