Zhanibekov university logo

ЖҮРЕККЕ ЖОЛ ТАПҚАН ҰСТАЗ: АЛИНА СОЛОВЬЕВАМЕН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ

13 Қараша 2026, 16:18
Медиа Орталық

Университетте «Ұстаздық жол: тәжірибе мен тағылым» тақырыбында тағылымдық кездесу өтті. Кездесудің құрметті қонағы – «Қазақстанның Еңбек Ері», педагогика ғылымдарының кандидаты, мектеп оқулықтары мен оқу құралдарының авторы, Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі Алина Робертовна Соловьева.

Білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған тәжірибелі педагог 150 олимпиада жеңімпазын тәрбиелеп шығарған. Оның көпжылдық ұстаздық тәжірибесі мен шәкірттерінің жетістіктері – табанды еңбектің, кәсіби ізденіс пен балаға деген шынайы жанашырлықтың нәтижесі.

Кездесу барысында Алина Соловьева ұстаздық жолындағы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, биология пәнін оқытудың тиімді әдістері, дарынды оқушылармен жұмыс жүргізудің ерекшеліктері және педагогтің кәсіби дамуы жөнінде ой қозғады.

Әсіресе, ұстаздық мамандықтың уақытпен өзгермейтін басты қағидатына тоқталды. Оның айтуынша, кеңестік дәуір болсын, бүгінгі кезең болсын, ұстазға қойылатын бір ғана негізгі талап бар. Ол – өз мамандығын және баланы жақсы көру. Педагогтің пікірінше, осы екі құндылықты бойына сіңірген жан ғана шәкірт жүрегіне жол тауып, сапалы білім мен саналы тәрбие бере алады.

Тағылымды жүздесу барысында қатысушылар тәжірибелі ұстаздың кәсіби ұстанымдары мен педагогикалық әдіс-тәсілдері туралы мол мағлұмат алып, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.

Кездесудің негізгі мақсаты – болашақ педагогтердің кәсіби бағдарын қалыптастыру, ұстаздық мамандыққа деген жауапкершілігін арттыру және тәжірибелі мамандардың өнегелі жолын жас ұрпаққа үлгі ету. Ұстаздықтың ұлы миссиясын өмірлік мұратына айналдырған Алина Соловьевамен кездесу тағылымы мол, кәсіби шабыт сыйлаған жүздесу болды.