Zhanibekov university logo

«ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕК КІМ КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУШЕШЕР РӘСІМІ ӨТТІ

15 Мамыр 2026, 16:30
Медиа Орталық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да белгілі әдебиеттанушы, ҚР Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы, Халықаралық ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстан және Қырғыз Республикасы ҰҒА құрметті академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбектің «Өзбекәлі Жәнібек кім?» атты тың тұрпатты ғұмырнамалық кітабының тұсаушешер рәсімі өтті.

 

Іс-шараны университет жанындағы Өзбекәлі Жәнібеков орталығы ұйымдастырды. Кештің алғысөзін Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы – ректор м.а. Әлібек Нұртаев, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев сөйлеп, жаңа кітап арқылы рухани мұра мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

 

Кітап авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбек «Өзбекәлі Жәнібек кім?» кітабының жазылу ерекшеліктері мен мазмұны туралы айтып берді. Филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Нариман Нұрпейісов кітапқа қатысты пікір білдіріп, еңбектің тарихи-танымдық мәніне тоқталды. Кітаптың әр бөліміне талдау жасап, қызықты танымдық эпизодтарынан үзінді келтірді.

 

Кеш барысында Ж.Тәшенев атындағы университет басқарушысы, ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев, қоғам қайраткері, «Нағанай» халықаралық қорының төрағасы Қанжігіт Сыздықов, тағы басқалар құттықтау сөз сөйлеп, кітап авторына ізгі тілектерін білдірді. Кездесуге университет оқытушы-профессорлар құрамы, зиялы қауым өкілдері қатысып, оқырмандар автордың қолтаңбасын алып, естелік суретке түсті. «Өзбекәлі Жәнібековті зерттеу Құлбек Ергөбекпен аяқталатын мұра емес» десті жиылған қауым. Жаңа кітап «Жебе» баспасында 2000 дана тиражбен жарық көрді.