Zhanibekov university logo

«ОТБАСЫ ҚҰРУҒА ДАЙЫНСЫҢ БА?» СЕМИНАРЫ ӨТТІ

10 Қыркүйек 2026, 14:42
Медиа Орталық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Шымкент қалалық ардагерлер ұйымымен бірлесіп, жастардың отбасылық өмірге дайындығын арттыруға бағытталған «Отбасы құруға дайынсың ба?» атты аналитикалық-тәжірибелік семинар өтті. Іс-шараны университет Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев ашып, отбасы институтын нығайтудың және жастардың бойына отбасы құндылықтарын сіңірудің маңыздылығына тоқталды.

 

Ректор өз сөзінде елімізде отбасы институтын қорғауға және оның құндылықтарын нығайтуға бағытталған құқықтық тетіктердің жетілдіріліп келе жатқанын атап өтті. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені бекітілген. Сонымен қатар, отбасы құндылықтарын дәріптеу мен отбасындағы өзара сыйластықты нығайту мәселелері қолданыстағы заңнамада да көрініс тапқан.

 

—  ҚР Парламент Мәжілісінде отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған заңнамалық бастамаларды қолдауға атсалыстық. Атап айтқанда, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеуге бағытталған нормаларды заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселесі көтерілді. Енді бұл бағыттағы құқықтық өзгерістерді қоғам санасына сіңіріп, олардың мазмұнын жастарға дұрыс түсіндіру – маңызды міндет. Отбасы құндылықтарын жас ұрпақтың бойына ерте жастан қалыптастыру қажет. Әсіресе болашақ педагогтар үшін бұл мәселенің маңызы зор. Себебі олар келешекте білім алушыларға тек білім беріп қана қоймай, олардың азаматтық және адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына ықпал етеді. Осы мақсатта сабақтан тыс уақытта осындай тағылымды кездесулер мен семинарларды жүйелі түрде өткізу жоспарланып отыр, — дейді Қайрат Рахымұлы.

 

Жиынға Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, университеттің жауапты қызметкерлері мен студенттер қатысты.

Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев университетте қолға алынған жобаның мақсаты мен маңызына тоқталып, аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесін жастарға үлгі ету – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

 

Семинар барысында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Абайтану және Мұхтартану» ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Асылбек Ноғаев тақырып аясында баяндама жасап, отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылықтар мен ұрпақ сабақтастығы мәселелеріне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Іс-шара барысында жастардың отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарауы, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық, ұлттық тәрбие және отбасы институтын нығайту мәселелері талқыланды.

 

 

 

Осыған ұқсас