Zhanibekov university logo

«ҚОҒАМДЫ ІЗГІЛЕНДІРУДЕГІ АБАЙ ІЛІМІ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ» ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

23 Қазан 2026, 11:03
Медиа Орталық

Университетте «Қоғамды ізгілендірудегі Абай ілімі және жасанды интеллект» тақырыбында өткен олимпиада өз мәресіне жетті. Зияткерлік сайысқа студенттік командалар қатысып, ұлттық құндылықтар, Абайдың философиялық мұрасы, ұлттық ойындар және жасанды интеллект тақырыптары бойынша білімдері мен қабілеттерін ортаға салды.

Бірнеше кезеңнен тұратын тартысты сайыстың қорытындысы бойынша жүлдегерлерді арнайы қазылар алқасы анықтады. Нәтижесінде І орынды Филология факультетінің «Ойөріс» командасы жеңіп алды. Жүлде қоры – 50 000 теңге. Команда жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Қарлығаш Сапарбаева.

Ал, ІІ орын – Тарих және педагогика факультетінің «Жасын» командасына, (35 000 теңге), ІІІ орын – Дене шынықтыру және спорт факультетінің «Ізгі ой» командасына берілді. Сонымен қатар олимпиадаға қатысқан барлық командаларға қаржылай сыйлықтар мен арнайы номинациялар табысталды. Жеңімпаздарды Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек құттықтап, марапаттады. Олимпиаданың басты мақсаты – Абай іліміндегі адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, жастардың ұлттық рухын нығайту, зияткерлік әлеуетін арттыру және жасанды интеллект дәуірінде жаңашыл ойлау қабілетін дамытуға арналды.

 Аталған жоба мемлекет және қоғам қайраткері, академик, профессор, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, университет Директорлар кеңесінің төрағасы Оразалы Сәбденнің идеясымен ұйымдастырылды.