Zhanibekov university logo

ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ ЖАҢА БАҒДАРЫ: БІЛІМ, ИННОВАЦИЯ ЖӘНЕ ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ

26 Тамыз 2026, 16:18
Медиа Орталық

Биылғы Республикалық тамыз конференциясы еліміздің білім беру саласындағы жетістіктерді саралап қана қоймай, алдағы кезеңнің нақты міндеттерін айқындаған маңызды жиын болды. «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбының өзі қазіргі Қазақстан үшін білім мен адам капиталының қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конференцияның пленарлық отырысында сөйлеген сөзі білім беру саласына деген мемлекеттік көзқарастың жаңа кезеңге көтерілгенін көрсетті. Президент атап өткендей, биыл елімізде тарихи өзгеріс жүзеге асты: наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде жаңа Халық Конституциясы қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Ең маңыздысы – жаңа Ата заңда тұңғыш рет білім саласына айрықша мән беріліп, адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Мен бұл ұстанымды толық қолдаймын. Өйткені мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ететін ең басты ресурс – табиғи байлық қана емес, білімді, білікті, жауапты әрі отаншыл адам. Ал мұндай тұлғаны қалыптастырудың негізі мектептен басталады.

 

Соңғы жылдары елімізде білім беру саласына жасалып жатқан мемлекеттік қолдаудың ауқымы да осы басымдықтың нақты көрінісі. Соңғы жеті жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті. Кейінгі бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды, 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи пән кабинеті жасақталды. Бұл сандардың әрқайсысының артында нақты нәтиже, мыңдаған баланың сапалы білім алуға қол жеткізу мүмкіндігі тұр. Әсіресе ауыл мектептерінің материалдық жағдайын жақсарту – білім сапасындағы алшақтықты азайтудың маңызды қадамы. Екі жыл бұрын Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен басталған «Келешек мектептері» жобасы да осы мақсатқа бағытталған. Оның аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Заманауи мектептердің жаңа стандарты қалыптасып келе жатқаны анық. Дегенмен халық саны өсіп жатқан, мектептерге сұраныс жоғары аудандарда құрылыс жұмыстарын тоқтатуға болмайды. Президенттің келесі жылы мектеп құрылысының қарқынын арттыру жөніндегі тапсырмасы да сондықтан аса өзекті деп есептеймін. Бүгінгі салынған мектеп – ертеңгі ұрпақтың сапалы біліміне салынған инвестиция.

 

Алайда мектептің қабырғасы қанша жерден заманауи болғанымен, оның ішінде білікті әрі өз ісіне берілген ұстаз болмаса, білім сапасын арттыру мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің мұғалім мәртебесіне ерекше назар аударуы өте орынды. «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заңның қабылдануы, оған кейіннен қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктердің енгізілуі, 5 қазанның ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілуі – мұғалім еңбегінің мемлекет тарапынан жоғары бағалануының айқын көрінісі. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының енгізілуі де педагог мамандығының абыройын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім осы мәртебелі атақпен марапатталды. Соңғы үш жылда үш мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл – ұстаз еңбегіне деген ерекше құрметтің белгісі.

 

Мұғалім беделіне қатысты халықаралық көрсеткіштердің де көңіл қуантарлық болуы маңызды. TALIS-2024 зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен әлемде екінші орында тұр. Сонымен қатар ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіріп отыр. Мұғалімдердің 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтса, 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін білдірген. Бұл – мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған саясаттың нәтижесі бар екенін көрсететін маңызды көрсеткіштер. Дегенмен жеткен жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Білім сапасын арттыру үшін мұғалімнің әлеуметтік жағдайымен қатар оның кәсіби дамуына да тұрақты жағдай жасалуы қажет.

 

Осы жерде педагог кадрлар тапшылығы мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Биыл мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік грант иегері атанды, олардың 2 мыңнан астамы мектепті «Алтын белгімен» бітірген. Бұл – жастардың ұстаздық мамандыққа деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсететін жақсы үрдіс. Бірақ соған қарамастан елімізге әлі де 5 мыңнан астам мұғалім қажет. Халық санының тұрақты өсуі, жаңа мектептердің көптеп салынуы педагогтерге деген сұранысты одан әрі арттырып отыр. Сондықтан кадр мәселесін тек мұғалім санын көбейту арқылы шешу жеткіліксіз. Ең алдымен сапалы педагог даярлау қажет. Президенттің педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде осы мәселені ескеруді тапсырғаны өте маңызды. Болашақ ұстазды тек диплом алуға емес, мектеп пен балабақшадағы нақты кәсіби ортаға дайындайтын тиімді жүйе қалыптастыру қажет. Бұл ретте педагогикалық жоғары оқу орындары, әдістемелік орталықтар, мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру ұйымдары өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс екенін ескертті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Білім сапасына қатысты тағы бір маңызды мәселе – өңірлер арасындағы алшақтық. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізсе, Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдайды жақсарту қажет екені байқалды. Әсіресе Түркістан облысының білім сапасына ерекше назар аударылуы орынды. PISA зерттеуі де бұл өңірдегі білім сапасында мәселелер бар екенін көрсетті. Мұнда оқушылардың шамамен 75 пайызы ауылда тұратынын ескерсек, мәселенің түпкі себебін тек мектептен іздеуге болмайды. Ауылдағы инфрақұрылым, педагог тапшылығы, білікті мамандарды тарту, балалардың білім ресурстарына қолжетімділігі сияқты факторлардың барлығы өзара байланысты. Сондықтан шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тарту, қажетті инфрақұрылымды дамыту және ауыл балаларына қаладағы құрдастарымен тең мүмкіндік беру – Үкімет пен әкімдіктердің маңызды міндеті. Білім сапасы баланың қай өңірде немесе қандай елді мекенде туғанына байланысты болмауы тиіс екенін еске салды, Мемлекет басшысы.

 

Қазіргі білім беру жүйесінің алдында тұрған ең жаңа міндеттердің бірі – жасанды интеллектіні дұрыс әрі жауапты пайдалану. Президент биыл мамыр айында орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі арнайы Жарлыққа қол қойғанын атап өтті. Алайда жаңа оқу жылы қарсаңында бұл тапсырманың тиісті деңгейде орындалмағанын сынға алды. Бұл – назар аударуды қажет ететін мәселе. Себебі технология қарқынды дамып жатқан заманда жасанды интеллектіні елемеу мүмкін емес. Бірақ оны мектепке жай ғана енгізу жеткіліксіз. Балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібі нақты белгіленуі керек. Бұл жерде этика, академиялық адалдық, ақпараттық қауіпсіздік және жауапкершілік мәселелері де ескерілуі тиіс. Президенттің жоғары білім саласында қалыптасқан жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық ерекшеліктерін ескеретін ортақ стандартты орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізу жөніндегі тапсырмасы осы қажеттіліктен туындайды. Сонымен бірге жасанды интеллектіні тек технологиялық жаңалық ретінде емес, экономикалық мүмкіндік ретінде қарастыруымыз қажет. Әсіресе ауыл жастары цифрлық құрылғыларды, соның ішінде смартфонды тұрақты табыс табуға, білім алуға және жаңа кәсіп меңгеруге пайдалана білуі керек. Яғни цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасына көшу – болашақтың маңызды бағыты.

 

Білімнің міндеті тек маман даярлау емес, заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары азамат қалыптастыру екенін де ұмытпауымыз қажет. Осыған байланысты мектептерде «Құқық негіздері» пәнінің оқытыла бастауы, сондай-ақ оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстарының енгізілуі – уақыт талабына сай шешім. Конституцияны құрметтеу, өз құқығы мен міндетін білу, заң талаптарын сақтау сияқты құндылықтар баланың санасына ерте жастан сіңірілуі керек. Заңды білетін және оны құрметтейтін ұрпақ қана қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың берік негізін қалыптастыра алады. Сондықтан жаңа оқулықтардың мазмұны да заман талабына және жаңа Конституцияның идеяларына сай болуы өте маңызды.

 

Мұнымен бірге мектеп тек білім беретін емес, тәрбие беретін орта болуы тиіс. Қазір елімізде 7 миллионға жуық бала бар, ал жастарды қоса есептегенде олардың үлесі халық санының жартысына жуықтайды. Бұл – Қазақстан үшін орасан зор адами капитал. Сондықтан осы буынның бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді сіңіру – бүкіл қоғамның міндеті. Мектеп бала үшін тек сабақ оқитын орын емес, өзін қауіпсіз сезінетін, достарымен араласатын, қабілетін дамытатын, өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірін өткізетін орта болуы керек. Сапалы білім мен тағылымды тәрбие қатар жүргенде ғана мектеп өзінің шынайы миссиясын атқарады. Әйтпесе, қанша заманауи мектеп салсақ та, қанша инновациялық технология енгізсек те, күткен нәтижеге толық қол жеткізу қиын.

 

Балаларды қолдау бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да осы саясаттың маңызды бөлігі. 2024 жылдан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды. 2024 жылы – 695,5 миллион доллар, 2025 жылы – 888,8 миллион доллар, 2026 жылы – 901,7 миллион доллар аударылған. Бұл – балалардың болашағына бағытталған ауқымды әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі. Сонымен қатар жыл басынан бері «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастады. Барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары мен психологиялық қолдау орталықтары құрылып, инклюзивті білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Дегенмен қазіргі заманның жаңа сын-қатерлері де бар. Солардың бірі – ақпараттың шамадан тыс көптігі. Ақпарат ағыны әсіресе дүниетанымы енді қалыптасып келе жатқан балаларға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан қазіргі мектепте цифрлық сауаттылықпен қатар ақпаратты дұрыс қабылдау, саралау және қажетсіз контенттен қорғана білу мәдениетін қалыптастыру да маңызды.

 

Жалпы, Президенттің Тамыз конференциясында берген тапсырмаларының барлығын бір арнаға тоғыстыратын негізгі мақсат – Қазақстанның адами капиталын сапалы дамыту. Ол үшін мектеп салу ғана жеткіліксіз, сол мектепте білікті мұғалім болуы керек. Мұғалімнің білімі мен біліктілігі үнемі жетілдірілуі қажет. Баланың сапалы біліммен қатар дұрыс тәрбие алуы маңызды. Ауыл мен қала арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту керек. Жасанды интеллектіні сауатты әрі жауапты пайдалануды үйрету қажет. Заң мен тәртіпті құрметтеу құндылығын жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Ал мұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.

 

Сондықтан Мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмаларын қолдау – еліміздің болашағын қолдаумен тең деп есептеймін. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі маман, ғалым, дәрігер, инженер, кәсіпкер, ұстаз және ел тағдырын айқындайтын азамат. Оның біліміне, тәрбиесіне, денсаулығына, қауіпсіздігіне және дамуына жасалған әрбір жағдай – Қазақстанның ертеңіне жасалған инвестиция. Жаңа Конституцияда білімге, ғылымға, инновацияға және адам капиталына стратегиялық мән берілуі де сондықтан заңды құбылыс. Ендігі міндет – осы бағыттарды нақты іспен бекітіп, қабылданған шешімдерді сапалы орындау. Үкімет, министрліктер, әкімдіктер, білім беру ұйымдары, мұғалімдер, ата-аналар және бүкіл қоғам бір мақсатта жұмылғанда ғана көзделген нәтижеге қол жеткіземіз. Білімге басымдық берген елдің ғана болашағы берік болады. Ал білімді, еңбекқор, заңды құрметтейтін және заманауи технологияны игере алатын ұрпақ тәрбиелеу – Қазақстанның ең маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі.

 

Тамыз конференциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды әрі тағылымды тақырыптар қамтылып, жаңа міндеттер мен мақсаттар айқындалды. Президент Оқу-ағарту министрлігінің жұмысын оң бағалап, ұстаздар қауымына ризашылығын білдірді.

 

Білім мен педагог мәселесі бізден алыс емес. Президент айтқандай сапалы білім беретін жоғары білімді педагогтерді даярлау университеттердің міндетіне кіреді. Сондықтан алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салалық министрліктермен бірлікте жұмыс істейтін боламыз.

 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің

Басқарма төрағасы-Ректор  Қайрат Балабиев

Осыған ұқсас